Табиғи сән-салтанат:
Біздің саябақтың флорасы мен фаунасы

Саябақта 16 мыңнан астам ағаш түрлері, оның ішінде ескіден қалған жұрнақтар тәріздес тарих қойнауының небір сырларын паш ететін 150 жыл жасаған 24 емен мен 7 қарағай бар. Емендердің ұзындығы 20-26 м, ал жуандығы 80 см, қарағайлардың диаметрі 52 см, ұзындығы 30 м. Бүгінде саябақта 29 ағаш, 9 бұта түрлері өседі.

Емен (лат. Quercus)

Шамшаттар тұқымдасына жататын, жапырақ тастайтын не мәңгі жасыл ағаштар. Емен баяу (жиырма – сексен жылдай) өседі. Жарық сүйгіш ағаш. Он бес – алпыс жылда жеміс бере бастайды. Әрбір төрт – сегіз жыл сайын жаңғағы көбейе береді. Бес жүз – мың жыл және одан да көп уақыт (мысалы, Литвадағы Стелмужи табиғи саябағындағы еменнің жасы – екі мың жылға жуық) өсіп тұрады. Оның дүние жүзінде төрт жүз елудей (кейбір деректер бойынша алты жүздей) түрі кездеседі. Сәуір – мамырда гүлдеп, қыркүйек – қазан айларында жеміс береді. Тұқымы – жаңғақ. Жаңғағынан мал азығы және кофе қоспасы дайындалады. Емен қабығының құрамы илік зат – танинге бай, олар медицинада, тері өнеркәсібінде қолданылады. Сүрегі қатты әрі берік, аса бағалы құрылыс материалы ретінде өнеркәсіпте (мысалы, кеме, вагон, жиһаз жасау, т.б.) пайдаланылады.

... ...

Қарағай (лат. Pínus)

Қарағай тұқымдасына жататын, мәңгі жасыл, қылқан жапырақты ағаш. 500-600 жылға дейін өмір сүреді. Ең биік түрлері 50-60 метрге жетеді. Шыршаныкіндей емес қарағайдың қылқаны ұзын, жуандау. Қылқанының түсі түріне қарай сары, көкшілдеу, жасыл және қою жасыл болады. Қарағай сондай-ақ тез өсетін қылқанжапырақтылардың бірі. Жер шарында жүзден аса түрі болса, оның жиырма шақты түрі көгалдандыруда қолданылады. Олардың ішінде бұтағы тік өсетін және жайыла өсетін түрлері де бар. Өсе келе жан-жағына 6-7 метрге дейін жайылатындықтан, бір-бірінен немесе өзге ағаштардан арақашықтығы кем дегенде 5-6 м болуы керек. Қарағайдың ағашы мықтылығымен және қаттылығымен ерекшеленеді. Оны кеме құрылысында, авиацияда, теміржолда және құрылыста кеңінен қолданады. Қарағайдың діңінде шайыр көп мөлшерде болады.Одан скипидар мен канифоль алынады. Канифольді сүргіт және лак дайындауда қолданады.Қарағайдың бүршіктері, эфир майы және шайыры бронхит, өкпе ауруларына қарсы пайдаланылады. Қылқанын С дәрумені жетіспегенде және алдын-алу үшін қолданады. Қарағайдың қара майын тері ауруларына жақпа май ретінде пайдаланады.

... ...

Үйеңкі (Acer)

Үйеңкі тұқымдасына жататын жапырақ тастайтын ағаш не бұта. Биіктігі 5 — 40 м, қабығы жылтыр, сұр не сұрғылт тартқан. Жапырағы қарама-қарсы орналасқан, оның жиегі бүтін, кейде ойық, жыл сайын түседі. Сәуір — маусым айларында гүлдеп, тамыз — қазанда жеміс береді. Жемісі — қосқанатты, екі тұқымшасы болады. 150 — 200 жылдай жасайды. Үйеңкі ағашы бағалы үй жиһаздарын, музыка аспаптарын жасауға пайдаланылады. Күзде жапырақтары алуан түсті болғандықтан саябақтарда, көше бойларында әсемдік үшін өсіріледі.Оның тәтті шырынынан үйеңкі шәрбәтін, сірне және үйеңкі сырасын жасайды.

... ...

Жөке ағашы (лат. Tilia)

Құлқайырлар тұқымдасына жататын жапырақ тастайтын ағаш. Биіктігі 28 м-дей. Бұтақ шоғыры цилиндр пішіндес, қабығы қара қоңыр, жапырағы дөңгелек, жиектері ара тісті иректі. Ақ сарғыш түсті ұсақ гүлі (5 – 7) хош иісті, қос жынысты. Маусым – шілде айында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – жаңғақша. Жөке 150 – 500 жыл жасайды. Жөкенің гүлінен дәрі жасалады және ара бал жинайды, сүрегінен жиһаз, музыкалық аспаптар, ыдыстар, әр түрлі әшекей бұйымдар, тінінен жөке, арқан жіп, тұқымынан май алынады. Жөке ағашы – жүрек тәріздес, жиектері ара тісті әдемі жапырақтары бар ағаш. Биіктігі - 30 метрден асады. Өмір сүру ұзақтығы - орта есеппен 300-400 жыл, ал кейбір сұрыптары 1200 жыл өмір сүреді. Жөке ағашы 30 жылдан кейін гүлдей бастайды. Маусым-шілде айларында нәзік, тәтті хош иіс шығарып молынан гүлдейді. Гүлдеу мерзімі 10-15 күнге созылады. Жөке гүлдерін дәрілік мақсатта қолданады және шай ретінде ішеді. Гүлдерінің қайнатпасы мен тұнбасы микробтарды жояды, ісік қайтарады, несеп жүргізеді. Шипа ретінде оны асқазан, ішек жолдары, бауыр, бүйрек, қуық ауруына да қолданып, қайнатпасын күйікке, жараға жағады. Жөке гүлінің тұнбасы шашты бекітеді. Жөке ағашының гүлімен қатар діңінің қабығы, жапырақтары мен дәндері медицинада кеңінен қолданылады. Жөке ағашын құрылыста, жиһаз жасауда, халық шаруашылығы мен медицинада қолданумен қатар, көгалдандыруда да үлкен орын алады.

... ...

Мамыргүл немесе Бөртегүл (лат. Syringa)

Зәйтүндер тұқымдасына жататын бұта тектес өсімдік. Қазақстанда қалаларда, саябақтарда, бақшаларда және демалыс орындарында кәдімгі әсемдік үшін өсіріледі. Биіктігі 2-8 м.-дей, жасыл түсті жас өскіндері безді, бір жылдық бұтақтары сұр түсті. Бүтін жиекті жалаң жапырақтары сопақша жұмыртқа тәрізді, қарама-қарсы орналасқан, ұзындығы 5-10 см, ені 4-7 см. Сыпыртқы гүлшоғыры төбе жағына қарай бүйір, кейде соңғы бүршіктерінде орналасады. Гүлі ұсақ, жұпар тәрізді. Күлтесі көкшіл немесе ақшыл түсті, ұзындығы 1 см-дей болатын түтікшесі бар. Мамыр айында гүлдеп, маусымда жеміс береді. Гүлінің құрамында эфир майы мен глюкозид және тер шығаратын, ауруды басатын қасиеті бар. Гүлінің тұнбасын көкжөтелге және бүйрек ауруларына қолданады. Жапырағын жаралардың іріңін шығару үшін пайдаланады және халық медицинасында өкпе туберкулезін емдеуге қолданылатын шөптер қосындысының құрамына енеді.

... ...